03 қар, 2017 сағат 16:53

Рамзан Қадыров Ленинді жерлеуге шақырды

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров коммунистер көсемі Владимир Лениннің мүрдесін жерлеуге шақырды. "Өлікке қарай беріп, жетер енді" деп жазды Қадыров Telegram-дағы каналында. Оның пікірінше, "Ресейдің дәл орталығында, Қызыл алаңда өлі адамның табыты тұрғаны дұрыс емес".

Бұған дейін Ресей Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко Ленинді жерлеу мәселесі бойынша референдум өткізу мүмкіндігі туралы айтқан. Мұның алдында Ресей оппозициясының өкілдері де революционердің мәйітін жерлеуді бірнеше рет ұсынған.

Лениннің мүрдесін жерлеу туралы мәлімдеме жасағандардың бірі тележүргізуші, 2018 жылғы президент сайлауына түсу ниеті бар Ксения Собчак болды. Ол Ресейдің басты алаңында адам мүрдесінің жатуын "елдегі тұрмыс салтының орта ғасырлық деңгейде екенін көрсетеді" деп атады.

Ресей президенті Владимир Путин 2016 жылы Лениннің мүрдесін жерлеуге қарсы шыққан. Ол бұл мәселеге қатысты "қоғамда жік тудырмау үшін мұқият болуға" шақырған.