ҚР Білім және ғылым министрлігі отандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасының қауіпсіздігі бойынша есеп әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, қазіргі уақытта вакцинаны зерттеу Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес штаттық режимде жүріп жатыр.
«Алматы және Тараз қалаларында тиісті GCP сертификаттары бар клиникаларда зерттеу жүріп жатыр. Барлық еріктілер апта сайын дәрігерлерге денсаулығының жай-күйі туралы хабарлайды, клиникаларға үнемі келіп тұрады, оларды дәрігерлер бақылайды және еріктілерден вирусқа тән антиденелерге де, бейтараптандыратын антиденелерге де сынама алынады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты вакцинаның қауіпсіздігі туралы есеп дайындады.
«Есеп Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі және вакцинаның тиімділігі туралы да есеп әзірленеді. Мұнда біз еріктілерді клиникалық базаларымызға шақырамыз, олардан сынамалар аламыз және осы сынамаларды өңдеу нәтижелері бойынша тиімділікке байланысты түпкілікті деректер көрінетін болады», - деп түсіндірді Дәуленов.