Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Qazaqstan» телеарнасы түсірген 12 бөлімді «Сарай сыры» телехикаясы эфирге шығады. Телехикая 1823-1845 жылдары Бөкей Ордасында билік құрған тарихи тұлға Жәңгір ханға қатысты оқиғаларға негізделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Туындыда Жәңгір ханның тұлғасы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың ортасында Бөкей ордасының тарихында болған оқиғалар желісі арқылы көрсетіледі. Саяси аренадағы рөлімен бірге, халықты білімге тартуға бағытталған бастамалары, қазақ даласына батыс өркениетінің келуінe себепкер болуы, билеуші сарайындағы ішкі өмірі телехикаяның негізгі идеясы ретінде алынды.
«Орынбор және Уфа қалалары мүфтиінің қызы Фатима ханшаның Хан ордасына келіп түсуімен хикаядағы шытырман оқиғалар жаңа өpic алады. Хандықтың соңғы жылдарында Исатай мен Махамбеттің тұлғасына қатысты шиеленіске толы тарихи оқиғалар да қамтылған. Бұл оқиғалардың көпшілігі тарихи шындық болғанымен, телехикаяда көркем шығармаға тән стильмен астаса беріледі», - дейді жоба жетекшісі Арман Сқабылұлы.
Телехикаяның қоюшы-режиссері – Бақыттас Санитас. Сценарий авторлары – Жәмит Көшербаев, Асқар Дүйсенбі және Арман Сқабылұлы. Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы облысы мен Алматы қаласында өтті. Басты кейіпкер Жәңгір хан рөлін Медғат Өмірәлиев, Фатима рөлін Әмина Мектепбаева, Қазима рөлін Зарина Кармен, Жүзім рөлін Ұлболсын Шалқарова, Махамбет бейнесін Дархан Сүлейменов, Исатай рөлін Нұрлан Сағынаев, Қали сұлтан рөлін Фараби Әбсаматов сомдап шықты. Жәңгір ханның анасы Атан ханша бейнесінде Тынышкүл Сұлтанбердиева ойнады.
Актер Нұрлан Сағынаев көрерменге «Qazaqstan» телеарнасы түсірген «Абай» тарихи телехикаясындағы Оспан бейнесі арқылы таныс болса, Дархан Сүлейменов «Орбұлақ шайқасы» телехикаясында Қарасай батырдың рөлімен белгілі.
«Сарай сыры» тарихи телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан бүгіннен бастап дүйсенбі-жұма аралығында 21:30-да эфирге шығады.