06 жел, 2022 сағат 08:46

Путин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойды


Ресей президенті Владимир Путин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойды, деп хабарлайды Азаттық.

Жаңа заң гомосексуализм, бисексуализм және трансгендер туралы ақпарат таратудың жолын кеседі. Мұндай заң Ресейде 2013 жылдан бар, бірақ ол кәмелетке толмағандарға ғана арналған болатын.

ЛГБТ-ны БАҚ-та, интернетте, жарнамаларда, көркем туындыларда насихаттағандарға жаңа заң бойынша ірі көлемде айыппұл салынады, сондай-ақ олар әкімшілік жауапқа тартылады.

Заң жобасын 27 қазанда Ресей мемлекеттік думасы бірінші оқылымда мақұлдаған. Талқылау кезінде Ресей депутаттары әкімшілік жауапқа тартумен шектелмей, қылмыстық жауапкершілікке де тартуды ұсынған, бірақ онысы өтпеген.

Заң жобасы жасалып жатқанда-ақ заңгерлер "үгіт-насихаттың" белгілері нақты көрсетілмегенін, ЛГБТ-ны бейтарап түрде атағанның өзі "үгіт-насихат" деп бағалануы мүмкін екенін айтқан.