Қазақстан Президентінің берік ұстанымының арқасында қысқа мерзімде елдегі жағдайды бақылауға алуға, заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіруге мүмкін болды. Бұл туралы Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдемеде РФ Президенті Владимир Путин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін көзбе-көз алғаш жүздесіп отырмыз. Аталған оқиға мемлекеттің егемендігіне, тұтастығына және тұрақтылығына бұдан бұрын болып көрмеген сын-қатерді төндірді. Шын мәнінде, Қазақстан лаңкестік озбырлыққа тап болды, бұл агрессия ішкі әрі сыртқы деструктивті күштердің тікелей қатысуымен жасалды», - деді Путин.
Осы орайда ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берік ұстанымының арқасында қысқа мерзімде жағдайды бақылауға алуға, заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіруге, қазақ жеріне бейбітшілікті қайтаруға мүмкін болғанын жеткізді.
Сонымен қатар Владимир Путин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сын-қатерге тиімді әрекет етуге, мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау үшін бітімгерлік күштерді жұмылдыруға қауқарлы екенін көрсеткенін атап өтті.