Ресей президенті Владимир Путин ресейлік интернет сегментін оқшаулау туралы заңға қол қойды. Құқықтық ақпарат сайтында жарияланған құжат 1 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлады Азаттық.
Жоба авторлары бұған дейін құжат бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп айтқан. Оның атқарылу барысын Роскомнадзор қадағалайды, ал оператор желілерінде қорғау құралдарын орнату мен пайдалану тәртібін Ресей үкіметі бекітпек.
Заң жобасы авторларының айтуынша, құжат "2018 жылы қыркүйек айында қабылданған АҚШ-тың ұлттық киберқауіпсіздігі бойынша стратегиясының агрессивті сипаттарын ескере отырып" әзірленген.
Заң жобасына қарсы азаматтар "автономды желі" интернетте жаппай цензураның пайда болуына ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Владимир Путинді заңға қол қоймауға шақырған. "Шекарасыз тілшілер" және Human Rights Watch ұйымдарының бірігіп жасаған мәлімдемесінде құжат Ресей қол қойған Адам құқығы бойынша Еуропа конвенциясы мен БҰҰ-ның азаматтық және саяси құқықтары туралы пакті шарттарын бұзады деп жазылған.
Бұған дейін бірқатар интернет-компаниялар да құжатты сынап, оның атқарылуы барысында қолданылатын технология "сервис жұмысын баяулатады" деп ескерткен. Заңға қарсы кейбір азаматтар көп қаржыны талап ететін заң жобасы ерте ме, кеш пе өзге мақсатта қолданылуы мүмкін деп алаңдаған.