15 жел, 2020 сағат 12:20

Путин Байденді жеңісімен құттықтады

Ресей президенті Владимир Путин Джо Байденді АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады. Әлем елдерінің басшылары қараша айының басында сайлаудың алдын ала қорытындысы белгілі болғаннан кейін Байденді құттықтай бастаған. Осыған дейін құттықтаудың кешігуіне байланысты түсініктеме берген Кремль "сайлаудың ресми қорытындысын күтіп отырғанын" айтқан еді

14 желтоқсанда АҚШ-та сайлаушылар алқасы Джо Байденнің жеңіске жеткенін растады. Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысын алған, ал қарсыласы, қазіргі президент Дональд Трамп 232 дауысқа ие болған. 

2016 жылғы сайлау кезінде Путин сайлау аяқталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң Трампты құттықтаған. Бірақ ол кезде Трамптың қарсыласы Хиллари Клинтон оның жеңісін мойындаған. Ал Трамп әлі күнге дейін Байденнің жеңісін мойындамады. 

Кремль сайтындағы ақпарат бойынша, Путин жаңадан сайланған президентке "сәттілік тілеп, әлем қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше жауапты Ресей мен АҚШ бірқатар келіспеушіліктерге қарамастан әлемдегі мәселелердің шешілуіне ықпал ете алады" деп үміт білдірген. Ол сонымен бірге жаңа сайланған президентпен "қарым-қатынас орнатуға" әзір екенін айтқан. 

Байден Барак Оббама тұсында вице-президент болып тұрған кезінде Путинді сынап, Мәскеудің Украина мен көрші елдерге саясатын теріс бағалаған. Ол сонымен бірге ақпан айында мерзімі аяқталатын ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімді (СНВ-3) ұзартуды қолдаған. 

14 желтоқсанда сайлаушылар алқасының дауыс беруі аяқталғаннан кейін Байден үндеу жасап, Америка халқын бірлікке шақырған.

"Америкада билікті алмайды - оны адамдардың өздері тапсырады. Бұл елде демократия алауы жағылғаннан бері көп уақыт өтті. Енді біз ештеңенің де, тіпті індет пен билікті асыра пайдалану да бұл алауды өшіре алмайтынына сенімдіміз" деді Байден. 

Байден инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді.