Ресей президенті Владимир Путин 29 тамыз күні тікелей эфирде зейнетақы реформасынан соң зейнетке шығу жасы үкімет ұсынған жобадағыдан азайтылатынын мәлімдеді. Федералдық телеарналар тікелей эфирінде сөйлеген Путин үкімет жоспарлағандай әйелдер зейнетке 63 емес, 60 жаста, ал ерлер 65 жаста шығуы тиіс екенін айтты.
Қазіргі заң бойынша, Ресейде ерлер зейнетке 60 жаста, әйелдер 55 жаста шығады.
Путин сонымен қатар көп балалы аналардың зейнетке мерзімінен бұрын шығуы және зейнет жасына жақындап қалған адамдарды жұмыстан босатқаны үшін жауапкершілік енгізу жайын қарастыруды ұсынды.
Ресей президенті үндеуінде 2000 жылдары зейнетақы жүйесін өзгертуге қарсы болғанын және ол кезде бұл ұстанымының қисыны болғанын мәлімдеді. Путин ол кезеңде Ресейде жұмыссыздық пен инфляция деңгейі жоғары болғанын айтты. Бірақ ол қазір "зейнетақы реформасын жүргізуді кейінге қалдырған жағдайда Зейнетақы қорының бюджетінде зейнетақы төлемдерін индексациялауға қаржы жетіспей қалады" деген тоқтамға келгенін жеткізді.
Владимир Путин Ресей қазір экономикалық қиындықтарды еңсергенін, ал жұмыссыздық деңгейі 1991 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түскенін айтады.
Өткен аптада Кремль Владимир Путин таяу уақытта қажет болса, зейнетақы реформасын жеңілдетуі мүмкін екенін хабарлаған. Бұған дейін ресейлік БАҚ президент әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-тен 60 жасқа дейін азайтатынын хабарлаған.
Шілденің ортасында Ресей Мемлекеттік думасы зейнетке шығу жасын ерлер үшін 65, әйелдер үшін 63 жасқа дейін ұлғайту туралы үкімет ұсынған заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған еді. Зейнетақы реформасы Ресейдің ондаған қаласында халықтың наразылығын тудырған. Әлеуметтік зерттеу ұйымдары биліктің бұл бастамасынан соң Владимир Путиннің рейтингі төмендеп кеткенін анықтаған.