Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов COVID-19-ға арналған ПТР анықтамасы жаңа талапқа сай келмегендіктен бірнеше шетел азаматының елден шығарылғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осы жылдың 6 қазанынан бері санитарлық-карантин пункттерінің эпидемиологтары Қазақстанға әуе рейстерімен келген 17 шетелдікті, оның ішінде Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамды депортациялады. Депортациялауға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен ПТР немесе жедел тест өткені туралы анықтамалар себеп болды. Нұр-Сұлтан қаласынын әуежайынан 8 шетел азаматы (Ресейдің 5, Беларусьтың 2 және Түркияның 1 азаматы ), ал Алматы қаласы әуежайынан 9 шетел азаматы (Ресейдің 4, БАӘ-нің 1, Германияның 1, Өзбекстанның 1, Түркияның 2 азаматы) департацияланған болатын», - деді Сәдуақас Байғабылов.
Депортацияланғандардың арасында транзиттік әуе жолаушылары да болған.
Оның атап өтуінше, отандық, шетелдік әуе компанияларына және әуежайдың мүдделі қызметтеріне COVID-19-ға арналған ПТР анықтамасыз келген шетелдік азаматтарды департациялау мәселелері бойынша қосымша семинар-кеңестер өткізіледі.
Еске сала кетсек, 6 қазан күні сағат 00.00 кезінде ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттері арқылы коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу шараларын күшейту туралы қаулысы шыққан еді.
Жаңа ережелерге сәйкес мынадай шектеу шаралары күшіне енеді: Қазақстанға шетелден әуе рейсі арқылы келген азаматтардың бәрі де термометриядан, анкеталаудан өтіп, ПТР әдісі арқылы COVID-19 бойынша тесттен өткені туралы анықтама (72 сағатқа жарамды) көрсетуі тиіс. Қазақстан азаматы саналмайтындар адамдар қолында анықтама болмаған жағдайда елге кіргізілмейді.
Дене температурасы шекті нормада болған және анықтама көрсеткен азаматқа COVID-19 белгілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті қолхат берілгеннен кейін олар баратын жеріне жіберіледі.
Дене қызуы бар адамдар қолында анықтама бар-жоғына қарамастан екі аптаға карантиндік стационарда оқшауланады. Ол жерде аталған азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді. COVID-19 бойынша тесттен өткеннен кейін коронавирус жұқтырғаны белгілі болған азаматтар инфекциялық стационарға ауыстырылады.
Ал жұқтырмағаны анықталған азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, тиісті қолхат беріледі. Ұшып келген ҚР азаматтары анықтама болмаған жағдайда екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады.
Ол жерде аталмыш азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді. COVID-19 бойынша тесттен өткеннен кейін коронавирус жұқтырғаны анықталмаған азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, тиісті қолхат беріледі.
COVID-19 жұқтырып келгені белгілі болған азаматтар инфекциялық стационардың карантин оқшаулағышына жатқызылады.