Алматының Кеңсай-2 зиратындағы бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің қабіріне орнатылған мемориал. Алматы, мамыр 2015 жыл.
Қазақстан Бас прокуратурасы "БанкТұранӘлем" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің үстінен сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, Әблязовтің ісі Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясының 28-бабы 3-тармағы (қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық жасаған адам) және 96-бабы 3-тармағының "ж" және "з" бөлімдері (топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен, я бандитизммен ұштасқан жеке адамға қарсы қылмыс) бойынша дәрежеленген.
Ведомство хабарламасында күдікті Әблязов пен оның қорғаушысына тергеу шараларының аяқталып, іс материалдарымен танысу басталғанын ескертеді.
"Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 296-бабына сай, күдікті мен оның қорғаушысы қылмыстық іс материалымен бірге және жекелей танысуға, мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын басқа да құпиялардан өзге кез-келген мәліметті шығарып алуға хақылы" делінген прокуратура хабарламасында.
Ресми мәлімет бойынша, Әблязов бұдан өзге қосымша тергеу амалдарын жүргізу, я болмаса басқа да процессуалдық шешімдер қабылдау және сотты алқа сотының қарауы туралы өтініш бере алады.
Қылмыстық іс материалымен танысу 2018 жылы 5 қыркүйекте бас прокуратураның Алматыдағы өкілдігінде болады.
Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде бұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті "Тұран Әлем" банкін иеленуді көздеген "Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттады.
Қазақстан бас прокуратурасы 4 сәуірде Мұхтар Әблязовтің үстінен "банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды" деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.
Осыдан кейін Мұхтар Әблязов Азаттыққа Ержан Тәтішев өліміне қатысты тергеуге және сотқа қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Ол сотқа Тәтішев өліміне қатысы бар деп сотталған Мұратхан Тоқмади келсе ғана отырыстарға видео арқылы тікелей қосылатынын айтқан.
Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрады, өзіне қатысты барлық айыптаулардың саяси себебі бар деп санайды. Қазақстан соты Әблязовті "қылмыстық топ құрды" және "ақша жымқырды" деп, 2017 жылы сырттай 20 жылға соттаған.