Фото: Nippon.com
16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 – «Сталкинг» жаңа бабы енгізілген Заңға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Прокуратура отандық заңнамада бұл үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделгенін хабарлайды.
Егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер ҚК-нің басқа баптары бойынша қосымша сараланады.
Сталкинг бабы бойынша қылмыстық қудалау нақты зиян болған кезде басталатынын білу маңызды.
Жауаптылықты енгізудің мақсаты – құрбандарды ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылық пен агрессивті мінез-құлыққа мөлдем төзбеушілік қалыптастыру.
Бас прокуратура азаматтарды сталкингтің көріністеріне немқұрайлы қарамауға шақырады. Мұндай жағдай туындаған кезде дереу ішкі істер органдарына хабарласу қажет.
