Президенттік жастар кадр резервінің жеңімпаздары Шымкентте жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің Facebook –парақшасында.
Атап айтқанда, қала әкімінің өкімімен Сергей Компаниец кәсіпкерлік және индустриалды-иновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Сергей Евгеньевич 1986 жылы туған, білімі жоғары. 2009 жылы «Информатика және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Басқару институтын тәмамдаса, 2016 жылы Джордж Вашингтон университетінің ақпараттық жүйелер мен басқару технологияларының магистранты дәрежесін алған. Сол жылдары жылдың ең үздік бизнес студенттерінің бестігіне кірген. 2011 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша академиялық инновациялық университетін бітірген.
Президенттің кадрлық резервіне іріктеудің барлық кезеңдерінен сүрінбей өткен Олжас Шынтаев кәсіпкерлік және индустриалды-иновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Олжас Шынтаев 1990 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры- есеп және аудит. Орыс, ағылшын, қытай тілдерін меңгерген. Қазақстан Республикасы туризм индустриясының үздік, ТМД Халықаралық достастық сыйлықтарының лауреаты.