ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында қаражаттың игерілуі барысын қадағалауда.
«Екінші деңгейдегі банктерден алынған деректерге сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілері мен дара кәсіпкерлер кредит алу үшін 274,8 млрд теңге сомаға 1 313 өтінім берді. Оның ішінде 62,5 млрд теңге сомаға 246 қарыз мақұлданған», - делінген агенттік мәліметінде.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі.
Осы бағдарламаны іске асыру үшін шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне және дара кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктерге негізделген салымдар орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді.
Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыру үшін 12 айға дейінгі мерзімге жылдық 8 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен несие беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі - 3 ай.