20 қаз, 2017 сағат 14:10

"Президенттен сөгіс естіген Бозымбаев сыйақыдан қағылады..."

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының жариялаған сөгісінен кейін сыйақыдан қағылуы мүмкін, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Президент Әкімшілігінің өкілдері редакцияның сауалхатына берген жауабында айтқан.

2015 жылдың 29 желтоқсанындағы № 152 жарлығына сәйкес, саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану мәселесі Мемлекеттік қызметшілерге тәртіпті жаза қолдану ережелерімен бекітілгені айтылады.

"Бұл ережелер бойынша сөгіс жариялау түріндегі жаза қолдану жұмыстан шығаруға, қызметтен шеттетуге немесе қызметте қандай да бір төмендетуге жатпайды", - деп хабарлады Әкімшілік өкілдері.

Алайда министрге қатысты қандай да бір санкциялар қолданылады екен.

"Сонымен қатар, 2001 жылдың 29 тамызындағы Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесін бекіту туралы №1127 құжатқа сәйкес, оның алып тасталмаған тәртіптік жазасының бар болуына байланысты, сыйақы берілмейді", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Еске салайық, Назарбаев 11 қазанда ҚР энергетика министрі Бозымбаевқа сөгіс жариялаған еді. Кейін Елбасы сөгіс жариялаудың қызметтен босатылғанмен бірдей екенін ескерткен еді.