Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жеткізді.
Биылғы жолдауда елдің алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары жайлы айтылды.
Бұл туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Динара Жаңабаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президенттің кезекті Жолдауы қоғамға бағытталған көптеген бағдарламалық құжаттардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі және ол пандемия кезіндегі елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуының жаңа мүмкіндіктерін іздену үшін басты бағдар болмақ. Өз баяндамасында Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік – экономикалық дамуына толық талдау жасап, халық пен қоғамның игілігін арттыру жолына қажет жаңа міндеттерді қойды. Соның ішінде, әсіресе, денсаулық сақтау, білім және ғылым, тіл мәселелеріне ерекше тоқталып өтті.
«Ғылым жолындағы азаматтар үшін ғылыми зерттеулерді ынталандыру мақсатында гранттық ғылыми жобаларды жүзеге асыру 3 жылдан 5 жылға ұзартылуы көңіл қуантарлық жаңалық болды»,-дейді ғалым.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші ғалымдардың жалақы мәселесін шешу мақсатында «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек», – деп атап өтті.
Шығыстың ғұламасы Әл-Фараби кезінде «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген еді, сондықтан да елдегі ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдау жолында нақты, жүйелі саясаттың болуы шарт.
«Қазіргі замануи әлемде еліміздің әрбір азаматы жоғары әрі сапалы білім мен қажырлы еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көріне алады. Биылғы Жолдау болашағымыздың іргесін нық бекітуге міндеттеп, Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің біріне айналып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жемісті жұмыс істеуге, сенімді әрекет етуге ықпалын тигізеді. Жолдаудағы алға қойылған міндеттер ел жетістіктерін арттыруға, дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға бірден-бір мүмкіндік болмақ», - дейді Динара Жаңабаева.
