Жастар мен қабілетті кадрларға жол бермеуіміз - үлкен кемшілігіміз. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Саяси кадрларды дайындау. Партиямыз кадрлар ұстаханасына айналып, сайлаушылармен жұмыс істей алатын қазіргі заман саясаткерлерін және мемлекеттік қызметшілерді дайындауы тиіс. Ашығын айтсақ, бүгінде бізде саяси менеджерлерді дайындау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандық иелерімен, жастармен, журналистермен, халқымыздың барлық өкілімен сөйлесе білуі тиіс. Және де мұндай адамдар бізде аз емес. Бір ғана проблема – ол әлеуметтік лифтінің жоқтығы. Біз жастар мен қабілетті кадрларға жол бермейміз және бұл біздің үлкен кемшілігіміз», - деді Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде.
ҚР Президенті партия құрылымында саяси менеджмент академиясы жұмыс істейтіндігін және оның жұмысын күшейту қажеттігін баса айтты.
«Бірреттік семинарлар мен тренингтерден депутаттарды, әкімдерді, министрлерді және өзге де партиядан ұсынылатындарды дайындайтын толыққанды бағдарламаға көшу керек. Жергілікті жерлерде партиялық активтерді оқыту үшін көшпелі тренингтерді де жүйелі түрде өткізген жөн. Мен айтқан барлық міндеттерді барынша қысқа мерзімде орындау қажет болады. Сайлаушылардың партияға сенімін арттыру үшін жұмыстың бұрынғы формалды әдісінен бас тарту керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.