Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдауы кезінде денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындауды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр.
Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн", - деді Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Осы орайда Президент адамзаттың талай індетті бастан өткергенін де еске салды.
"Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек. Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтуда. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек.
Қазір «бустерлік вакцинаны» сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет.
Сонымен бірге, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн", - деп атап көрсетті Тоқаев.
