05 қыр, 2022 сағат 18:53

Президент Үкіметке төтенше жағдай туралы хабарлау жүйесін жетілдіруді тапсырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке төтенше жағдай туралы хабарлау жүйесін жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өрт туралы хабардың кеш жеткені туралы айтсақ, бұл әуелі техникалық проблема болса керек. Ол туралы жаңа да сөйлестік. Үкіметке бұл проблеманы шешу жүктеледі. Тұтанған өрт туралы және оның аумағы туралы нақты ақпаратты кешікпей алу үшін тиісті техникалық қондырғы орнатылуы керек», - деді Мемлекет басшысы Қостанай облысында болған өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысында. 

Президент өрт сөндіруші мамандарды даярлау ісіне ірі бизнестің де қолдау көрсетуі керектігін атап өтті.

«Министр (Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин – авт.)тікұшақта маған Көкшетауда маман даярлайтын оқу орны бар екенін баяндады. Бірақ ол мекеменің техникалық жабдықталуы нашар. Ең әуелі жатақхана жоқ. Жатақхана болмаса, студенттерді қалай оқытуға болады? Бұл мәселені өте шұғыл шешу керек. Біздің табысты кәсіпкерлер, басқа да материалдық мүмкіндігі жақсы адамдар бірінші кезекте жатақхана салу мәселесін шешуге көмектеседі деп ойлаймын. Оқу корпусын содан кейін салып, жарақтандырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.