Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушыларға арналған тұрғын үй құрылысының сапасын тексеретін жұмыс тобы құрылды.
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналында хабарланды.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қоныс аударушыларға арналған баспана құрылысының сапасын тексеретін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдері кірді.
«Жұмыс тобының мүшелері тұрғындардың барлық шағымдарын қарап, салынған үйлерді тексереді және сараптамалық қорытынды жасайды. Оның қорытындысы бойынша сапасыз орындалған жұмыстар түзетіледі. Жұмыс тобы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды», - делінген хабарламада.
