Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директорын ауыстырды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Зарема Каукенқызы Шаукенова Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Оның орнына Мемлекет басшысының өкімімен Еркін Валитханұлы Тұқымов тағайындалды.
Еркін Тұқымов 1973 жылы Өзбекстанда, Терміз қаласында туған.
1997 жылы Варшама халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, 2004 жылы ҚР Ғылым академиясының Философия және саясаттану институтының аспирантурасын тамамдады.
Еңбек жолын 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері ретінде бастады.
2000-2005 жылдары ҚСЗИ сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі.
2005-2007 жылдары Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры болды.
2007-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде ақпараттық-талдау орталығының стратегиялық талдау секторының меңгерушісі, Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының стратегиялық халықаралық ықпалдастық секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2008 жылдың маусымында ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия департаменті директорының орынбасары, кейіннен департамент директоры болды.
2010 жылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі болды.
Қазақстанның Қазандағы бас консулы лауазымына 2018 жылы тағайындалды.
2019 жылы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-елшісі болды.
Дипломатиялық дәрежесі - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ІІ сыныпты кеңесшісі.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.