сурет ашық дереккөзден алынды
Мемлекет басшысы спорт ардагері Сейілда Байшақовтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ футболының аңызына айналған даңқты спорт ардагері Сейілда Байшақовтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
– Сейілда Икрамұлы «Қайрат» футбол командасының сапында көп жылдар бойы өнер көрсетіп, жасындай жарқыраған еді. Білікті бапкер ретінде жастарды жеңіске жетудің қыр-сырына үйретіп, елімізде осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосты. Өмірде адал еңбек етіп, өшпес із қалдырған Сейілда Икрамұлының есімі мен бейнесі мәңгі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.