31 жел, 2021 сағат 15:38

Президент шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісараны құттықтады


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бибісара Асаубаеваны блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бұл керемет жетістік барша қазақстандық үшін, әсіресе шахмат әуесқойлары үшін Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық болды. Бибісараның табыстан табысқа жете беруіне тілектестік білдіремін!", - делінген Президенттің Twitter-парақшасында

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Польшада өткен әлем чемпионатында (FIDE World Rapid and Blitz 2021) блицтен үздік көрсеткішке ие болып, жеңімпаз атанды. Жас шахматшы 17 кезеңде 14 ұпай жинап шықты. Екінші орында – рапидтен әлем чемпионы атанған ресейлік Александра Костенюк, Ресейдің тағы бір өкілі Валентина Гунина үшінші орынды иеленді.

Бұған дейін рапидтен әлем біріншілігінде Костенюк пен Өзбекстан өкілі Нодирбек Абдусатторов жеңіске жеткен болатын. Рапидтен әлем чемпионатында екінші орынды Бибісара Асаубаева иеленді (8,5 ұпай).

Бастапқыда турнир Нұр-Сұлтан қаласында өтуі керек еді, алайда эпидемиологиялық шектеулерге байланысты кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, бұл - Қазақстанның ересектер арасындағы шахматтағы алғашқы алтыны.