17 ақп, 2021 сағат 10:40

Президент Нұртілеу Иманғалиұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты

Мемлекет басшысы белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев танымал журналист, қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады», деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Бәрік Уәли Facebook-тегі парақшасында. 

«Нұртілеу Иманғалиұлы телевизия саласында өзінің қолтаңбасын қалдырды. Ұзақ жылғы шығармашылық жолда жемісті еңбек етіп, халқымыздың рухани-мәдени байлығын дамытуға мол үлес қосты. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Еске сала кетсек, бүгін таңертең қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер»,«Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.