05 қаз, 2022 сағат 17:54

Президент Мария Мудряк пен Иманбектің өнерін үлгі етті


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің қуаты адамдардың қайратына, біліміне және патриоттығына байланысты. Сондықтан адамға бағдарланған қызмет мемлекеттік саясатымыздың негізгі өлшеміне айналды.

"Ұлттық мәдениетті шетелде насихаттауға және жаңғыртуға Павлодар облысынан шыққан қазақстандық жаңа «мәдени толқын» өкілдері елеулі үлес қосып келеді. Классикалық өнерді бағалай білетіндер Еуропаның үздік опера сахналарында ариялар орындайтын Мария Мудряктың дауысын беріле тыңдап жүр. «Грэмми» сыйлығының иегері Иманбек Зейкеновтің танымал музыкасына дүниежүзі жастары таңдай қақты. Осындай дарынды жастарымыз мәдениетіміздің шетелдегі елшісіне айналды.

Наум Григорьевич Шафер секілді туған өлкесінің, елінің нағыз патриоттары да ұлттың рухани баюына үлес қосып отыр. Ол – әлемнің әр бұрышынан (27 мың дана) музыкалық күйтабақтардың құнды жазбаларын жинаған облыстың құрметті азаматы, қадірлі ақсақалы. Оның жинақтарында қазақтың халық әуендерінің алғашқы жазбаларымен қатар жалғыз дана үлгілері де бар. Мұндай адамдар қоғамымызға, әсіресе, жастарға үлгі болуы керек. Қазіргі әлемде шығармашылық индустрия, мәдени-танымдық туризм көптеген елдің экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналған. Бұл бағытта облыстың әлеуеті зор", – деді Мемлекет басшысы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуде.