Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен ауқымды домбыра сабағын өткізген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтағанға алғыс хат жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Халық мұрасын насихаттау және үйрету ісіне бел шеше кірісіп, көпшілікке белгісіз туындыларды нотаға түсіріп, олардың авторларын анықтауға атсалысып келесіз. Сан жылғы зерттеу жұмыстарыңыздың нәтижесі іспетті еңбектеріңіз қазіргі таңда музыка мектептері мен оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып жүр. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің мыңнан астам оқушысы қатысқан домбыра сабағыңыз өскелең ұрпақтың ұлттық күй өнеріне қызығушылығын арттырып, білімін тереңдеткен маңызды шаралардың бірі болды. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған бұл мәдени іс-шара Гиннес рекордтар кітабына енеді деп сенемін", - делінген алғыс хатта.
Еске салайық, Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 1032 оқушысы төрт күй орындап шыққан болатын. Енді мектеп оқушылары Гиннесс рекордтар кітабына енбек.