ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мемлекеттік басқару саласында кешенді реформа керектігін алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік басқару саласына да кешенді реформа керек. Аталған салаға тән бірнеше проблема бар. Ол кадрлық потенциалдың төмендігі, жемқорлық, формалдылық және кадр тапшылығы мен тұрақтамауы. Сондықтан да халықтың мемлекеттік басқару мен билікке деген сенімі төмен. Осы орайда мемлекеттік қызметке алу талабын жетілдіру қажет. Қызметке алу талабының артық, керек емес тұстарын алып тастау керек және мемлекеттік қызметке келгісі келетіндер үшін еш кедергі болмауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеу әділ әрі жоғары деңгейде өтуі тиіс.
«Елге қызмет етемін деген кез келген қазақстандық үшін мемлекеттік қызмет ашық болғаны жөн. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен кету процесін де қайта қарау керек. Өйткені, кейбір шенеуніктер кабинетінде жылдарын өткізеді. Олар жас мамандардың өркендеуіне жол бермей, мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендете түсуге әсерін тигізуде. Ондай шенеуніктермен қоштасу керек. Дегенмен мемлекеттік басқару саласында шенеуніктің институционалдық жады да маңызды. Яғни бір күнге бүкіл шенеунікті алып тастап, оларды жастарға ауыстыру да жөн емес. Бұл жерде салмақты шешім қажет. Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарып, мемлекетке пайдасын тигізіп отырса ондай маманға тиіспеу керек», - дейді ол.
Сондай-ақ, Президент Үкімет пен мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке мемлекеттік басқарудың жаңа механизмін әзірлеуді тапсырды.