Мемлекеттік білім грантының қаражаты студенттің есепшотына түсуі тиіс. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Келесі мәселе. Мемлекет жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөледі. Бүгінде бір студентті оқыту құны – шамамен 4 миллион теңге. Грант саны жыл сайын артып келеді. Енді, қаржыландыру тәсілін өзгерткен жөн. Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есеп-шотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады.
Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек», - деді Мемлекет басшысы.
