ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаламқас» мұнай-газ кен орнындағы өртке қатысты Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметке «Қаламқас» кен орнындағы өртті тоқтатып, төтенше жағдайды қалыпқа келтіру жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырдым. Бұл мәселе - менің бақылауымда», - деп жазды Президент Twitter-де.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.
Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов кен орнындағы жағдайға қатысты түсінік берді.
«МаңғыстауМұнайГаз» АҚ диспетчерлік қызметінің хабарлауынша, 13 наурыз күні №8237 ұңғымасын бұрғылауда газ-су қоспасы атқылаған. 13-24 наурыз күндері мамандар ұңғыманы бор ерітіндісімен шаю, от таралмау үшін жөндеу және оқшаулау жұмыстарын жүргізді. 25 наурыз күні сағат 17:46-да апатты ұңғыма маңында газ-су қоспасының ошағы өртенді. «Семсер өртсөндіруші» құрамы оқиға орнына 17:58-де жетті. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. 25 наурызда өртті сөндіру үшін Ақтаудан тағы 6 топ өрт сөндірушілер, 4 автоцистерна, жылжымалы сорғы стансасы және газ сөндіретін автомобиль жеткізілді», - деді ол.
Оның айтуынша, оқиға орнына Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің 12 өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамынан 53 адам, «Семсер өртсөндіруші», «Файрпротекшн» компанияларының қызметкерлері жұмылдырылған.
Сонымен бірге бүгін штаб өз тактикасын өзгертетіні туралы хабарланған.
«№8237 ұңғыманың да отқа орануына байланысты, өрт шыққан ошақты оқшаулау шешімі қабылданды. Сәйкесінше, өртенуі мүмкін барлық қажетті құралдарды алып шығып, жалын ошағын жою қажет», - деді Б. Ақшолақов.