16 қар, 2020 сағат 17:22

Президент фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңесте дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті.

Үкімет әкімдерімен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек.

– Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы Агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне ат салысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.