Елімізде 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы орын алуда.
«Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берілгені жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс», - деді Мемлекет басшысы,
ҚР Президентінің атап өтуінше, вертикалды кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал.
«Жеке шаруашылығы миллиондаған ауыл тұрғынына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабын құруға жұмылдыру керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.