29 ақп, 2020 сағат 12:50

Президент Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген эксклюзивті сұхбатында белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қоғамдық үлкен резонансқа байланысты бұл іспен тыңғылықты танысып шықтым. Өкінішке орай, белсенді Ағаділ жүрек жетіспеушілігі салдарынан қаза тапқандығын нық сеніммен қуаттай аламын. Кері сендіруге тырысу – демек шындыққа қарсы шығу. Қаза тапқан азамат кім болса да, қандай көзқарасты ұстанса да, ол - ең алдымен адам. Адам өмірі бірегей әрі баға жетпес құндылық. Бәріміз де Алла тағаланың жазмышына мойынсұнамыз. Иманды болсын», – деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, 25 ақпанда ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригада қызметкерлері ер адамның өлімін растады.

Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпты деп танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған еді. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алмастырды.

24 ақпан күні кешке Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасап, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.