14 мау, 2024 сағат 12:12

Президент Бурабайды дамыту жоспарына көңілі толмайтынын жеткізді

Сурет: ашық дереккөз

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Мемлекет басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағының бірегей байлық екенін атап өтті.

"Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келеді. Дегенмен, онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асқан жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.


Үкімет пен жергілікті әкімдікке Бурабай курорттық аймағында орналасқан "Ақбура", Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту тапсырылды. Сонымен қатар, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу міндеті жүктелді. Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан "Burabay Travel" бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту қажет екені айтылды.

Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажеттігін атап өтті.