12 жел, 2022 сағат 13:43

Президент: Ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ауылдық жерлерді дамыту керек. Мен Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа президенттік өкілеттігім басталғаннан кейінгі алғашқы Жарлығым. Келесі жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналады. Тұжырымдаманы әзірлеуге мамандарды, шаруаларды және жергілікті қоғам белсенділерін тарту қажет.

Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек. Әрине, ол нақты іске асырылуға тиіс. Жер – ауылдағы тұрғындардың негізгі табыс көзі. Өкінішке қарай, елді мекендердің төңірегінде жайылым жетіспейді. Шамамен 8,8 миллион гектар жер тапшы. 

Менің тапсырмаммен 5,2 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – негізінен, жайылымдық жерлер. Енді Үкімет облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жерді бөліп-тарату үшін мониторинг картасын әзірлеуге тиіс. Сол арқылы жайылымдық жерге мұқтаж ауыл халқының жағдайын жасаймыз», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет.

«Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. 

Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек.

Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ» - деді ол.

Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатқанын еске салды.

«Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді. 

Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті.

Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, ауылдағы әлеуметтік салада да өзгерістер болады.

«Ауылдың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынады. Шамамен 700 жаңа медицина нысаны салынады. Көп салалы 32 аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осының бәріне 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. 

Жалпы, аймақтарда инфрақұрылымға қатысты мәселелер аз емес. Тұрғын үй тапшылығы, жылу, энергия және су желілерінің ескіргені, жолдардың тозып тұрғаны баршаға мәлім. Бүгінгі басқосуға облыс әкімдері қатысып отыр. Жаңадан тағайындалған басшылар да бар. Сіздерге сенім артамыз. Әр аймақты тұрмыс сапасы жоғары «қуатты өңірге» айналдыру үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Табанды жұмыс істеу қажет» - деп түйіндеді Президент.