06 ақп, 2020 сағат 13:48

Президент әлеуметтік кәсіпкерлік бастамасын қолдады - Эмин Әскеров

Мемлекет басшысы әлеуметтік кәсіпкерлік бастамасына қолдау білдірді. Бұл туралы Президентпен кездесуден кейін кәсіпкер Эмин Әскеров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Президент әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді қалай шешетінін айтып берді. Атап айтқанда, әңгіме халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарды жұмыспен қамту және басқа да мәселелер туралы айтылды. Президент біздің бастамаларымызға белсенді түрде қолдау білдіріп, мемлекет бизнеспен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысатын кәсіпкерлерге барлық қолдау көрсетілетінін айтты. Президент сонымен қатар үстіміздегі жылдың қазан айының соңында әлеуметтік кәсіпкерлер форумын ұйымдастыруға болатынын жеткізді. Оған Мемлекет басшысы бизнестің осы саласына серпін беру үшін қатысады», - деді Эмин Әскеров.

Оның айтуынша, Президентпен кездесуге үш әлеуметтік кәсіпкер қатысқан. Олармен әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл ел бойынша әлеуметтік кәсіпкерліктің бағытын дамыту қажеттігін, мемлекет бұл мәселені шешетінін, яғни дамуға жағдай жасайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, кәсіпкер кездесу барысында Мемлекет басшысына әлеуметтік кәсіпкерлердің проблемаларын көтерді. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай екі мәселе бар: тиісті ғимарат пен әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бірыңғай сауда нүктелерінің болмауы. Мемлекет мұндай жұмыстардың әлеуметтік бағдарын ескере отырып, жеңілдетілген шарттармен үй-жайларды бере алады. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлердің кәсіпорнында шығарылатын өнімдерге арнайы сауда нүктелерін ұйымдастыруға болады. Э Әскеров атап өткендей, Президент Қ.Тоқаев кәсіпкерлердің өтініштеріне оң жауап қайтарып, бұл мәселе қаралатынына уәде берген.

 

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдерімен кездескені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.