Мұрат Нұртілеу ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы лауазымына тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу 1976 жылы дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Халықаралық қатынастар саласы маманы. Дипломатиялық дәрежесі – бірінші сыныпты кеңесші.
Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хаттама басқармасының референті, атташесі, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің атташесі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Сыртқы істер министрі хатшылығының басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары болып қызмет істеген.
2007-2011 жылдары Сенат аппаратының басшысы болып қызмет атқарды. 2011 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры. Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) ҚР Тұрақты өкілдігінде кеңесші уәкіл (2011-2014);
ҚР Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары (2014-2016). Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (2016 жылғы наурыздан), Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (2017-2019) міндетін қоса атқарушы болды. ҚР Президентінің көмекшісі (2019-2021).
2022 жылдың 5 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін сол қызметте болды.