10 қаз, 2017 сағат 10:58

Премьер-министр Қошановқа: Көмір төңірегіндегі дүрбелеңге халық кінәлі ме?

Бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа көмір төңірегінде туындап отырған проблемаларды шешуді тапсырды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Отырыс барысында Премьер-Министр көмірлі өңір Қарағандының өзінде ұзын-сонар кезектің орын алғанын айтып, оның себебін өңір басшысы Ерлан Қошановтан сұраған еді.

«Әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз етуде облыста проблема жоқ. Көмір толық көлемде жеткізілген. Алайда халықты көмірмен қамтамасыз етудегі  дүрбелең сақталуда. Осы жылдарға дейін облыс тұрғындары көмірді қазан айында сатып алатын. Бірақ биыл жылыту маусымы 27 қыркүйекте басталып кетті», - деді ол.

Осы орайда оның сөзін бөлген Бақытжан Сағынтаев: «Ерлан Жақанұлы, сізше, сонда халық кінәлі болғаны ма? Олар бұрын қазанда алса, биыл қыркүйектен бастап, көмір сатып ала бастаған. Солай болғаны ма?», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Ал Ерлан Қошанов өңірдегі ауа температурасының күрт төмендеу салдарынан көмірге сұраныс артып, дүрбелең басталып отырғанын айтып ақталды.

«Бақытжан Әбдірұлы, халық алдын ала көмір сатып алмайды. Себебі, онда жатып қалған  көмірдің сапасы төмендейді. Біз тиісті сараптама жүргізген де едік. Жыл сайын қазан айында  көмірді сатып алатынбыз. Осы жылы 27 қыркүйекте жылыту маусымы басталып отыр. Бірақ көмір өндіруде проблема жоқ. Ағымдағы жылдың 9 айында 22 млн тонна көмір өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 млн тоннаға артық болды», - деген Қарағанды облысының әкімі ұзын-сонар кезекте тұрғандардың 50 пайызын көрші облыстарының тұрғындары құрайтындығын айтты.

Осыдан кейін Бақытжан Сағынтаев оған көмір мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.