01 мам, 2019 сағат 11:24

Помпео: Кубаға қашпақ болған Мадуроны Кремль тоқтатқан

Оппозицияға қосылған Венесуэла ұлттық ұланы сарбаздары Мадуроны қолдайтын күштерге ескерту ретінде әуеге оқ атып тұр. Каракас, 30 сәуір 2019 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео "Венесуэла президенті Николас Мадуро 30 сәуірде Кубаға қашпақ болды" деп мәлімдеді. Помпео бұл туралы америкалық CNN арнасына 1 мамырда берген сұхбатында айтты, деп жазады Азаттық.

Мемлекеттік хатшының сөзінше, ұшағы ұшу алаңында әуеге көтерілуге дайын тұрған Николас Мадуроны Кремль тоқтатқан. Помпео Мадуромен Ресей билігінен сөйлескен адамның атын айтқан жоқ. "Ұшақ Гаванаға қонуы керек еді" деді ол.

Помпео Вашингтонның Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдоны қолдайтынын тағы бір мәрте мәлімдеді.

30 сәуірде Гуайдо Мадуроны биліктен кетіру үшін ел азаматтарын жаппай шеруге шығуға шақырған. Көшеге шыққан оппозиция жақтастары мен үкімет күштерінің тіресі шиеленісіп, 50-ден астам адам түрлі жарақатпен Каракастағы ауруханаға жеткізілген. Үкімет сарбаздарының бір бөлігі Гуайдо жағына өткен.

Биыл қаңтарда өзін Венесуэланың уақытша президентімін деп жариялаған Хуан Гуайдоны елуден астам ел Венесуэланың заңды басшысы деп таныған. Николас Мадуро елдегі дағдарысқа АҚШ-ты айыптайды.

Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон "Мадуроның жақтастары оны биліктен кетіру жайлы өзара келіссөз жүргізіп жатыр" деп хабарлаған.

Мадуроны Ресей мен Қытай бастаған санаулы ел қолдайды.