03 қар, 2020 сағат 16:32

Польшада 16 жастағы қазақстандықты атып кетті

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 2 қарашада Польшаның Ополе Любельское қаласында Қазақстанның 16 жастағы азаматын атып кетті. Польшаға оқуға барған ол оқиға орнында жан тапсырған.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, оқиғаға байланысты тергеу басталған. Күдікті әлі ұсталған жоқ.

Польшаның Люблинец қаласының аудандық прокуратурасы жергілікті басылымдарға берген ақпаратына сай, ол достарымен бірге саябаққа алма теруге барғанда оққа ұшқан. Марқұм халықаралық бағдарлама бойынша Ключковице-Оседле қаласындағы мектеп-интернатта оқып жүрген. Прокуратура күдіктіні ұстау мақсатында оқиғаның басқа жай-жапсарын айтпаған. 

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Польшадағы елшілігі марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оның сүйегін елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.