05 мам, 2020 сағат 17:51

Польша елшісі ҚР Бейбіт жиындар туралы заң жобасына пікір білдірді

Польша Республикасының Қазақстандағы елшісі Селим Хазбиевич ҚР Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заң жобасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның Бейбіт жиындар туралы заң жобасымен таныстым. Бұл - өте қызықты қадам. Бұл процесс Батыс Қауымдастығы алдында Қазақстанның мерейін өсіреді. Мен Қазақстанды демократиялық қоғамға жол ашып жатқан дамыған мемлекет деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы достық қарым-қатынастар үшін де пайдалы. Қазақстан Үкіметінің дұрыс бағытта келе жатқаны көрініп тұр. Бұл тәжірибе Қазақстанның саяси, қоғамдық және экономикалық өміріне, демократиялық жүйенің дамуына пайдалы болады деп ойлаймын. Бұл - Қазақстан Үкіметі жасап жатқан үлкен қадамның бастауы», - деді Польша елшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде. 

Айта кетейік, бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық корпус өкілдері Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заң жобасын талқылады. 

Бұған дейін Беларусь республикасының Қазақстандағы елшісі Анатолий Ничкасов және Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Андрей Карстенс аталған заң жобасы туралы пікір білдірген еді.