22 мау, 2023 сағат 13:49

Полиция қазақстандықтар сатып алған самокаттардың жылдамдығын қалай анықтайды?

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қазақстанда жекеменшік электросамокаттарды бақылау техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенат кулуарында журналистер ІІМ өкілінен азаматтар өз ақшасына сатып алған электросамокаттардың жылдамдығы қалай бақыланатынын сұрады.

"Жалға берілетін самокаттар кикшеринг арқылы бақыланады, адамдар өздері сатып алған самокаттарды қалай бақылайды деп отырсыз ғой. Расында да оны бақылау техникалық тұрғыдан, полиция тарапынан мүмкін емес деп айтуға болады. Ондай мүмкіндік жоқ. Ал егер жол апаты болған жағдайда, адам қағып кетсе немесе дене жарақатын алса, біз арнайы сараптама жасаймыз. Соның нәтижесінде самокаттың жылдамдығы қанша болғанын анықтаймыз. Сол сараптама негізінде самокат жүргізушісін жауапқа тартуға болады", - деп жауап берді Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, жол ережелерін бұзған электросамокат жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылады.

Біріншісі – 593-бап, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу.

"Екіншісі – 620-бап. Басқа да талаптарды бұзғаны үшін осы баппен жауапқа тартылады", - дейді комитет төрағасы.

Сенат мақұлдаған заңға сәйкес, электросамокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы шарт. Бұған қоса басында шлем, ал қараңғы уақытта үстінде жарық шағылыстыратын зат болуы керек.

Жолдың жүру бөлігінде жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан, ал тротуарда 6 шақырымнан асыруға болмайды.

Заң Президенттің қарауына жолданды.