Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті соққыға жығылған жүргізуші әйелге қатысты әлеуметтік желіде тараған видео бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті А.Н.Әлиеваның соққыға жығылғаны туралы видеоны зерттеуде. Нақтырақ айтқанда, 14 сәуір күні сағат 17.00 шамасында елордадағы Қошқарбаев көшесі, 45/1 үйінің ауласында тұрғындар арасында кикілжің туындап, соңы қақтығысқа ұласқан. Оған автокөлік жүргізушілерінің жолға таласып қалуы себеп болған. Жүргізушілер бір-біріне жол бергісі келмеген. Ақыры көршілер араша түсіп, полиция келгенше екі жақты ажыратып алған», - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінен.
Полиция мәліметінше, қақтығыстан зардап шеккен әйел ауруханаға жатқызылып, 20 сәуір күні үйіне шығарылған. Қазір аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іске қатысты адамдардың бәрі де тергелуде. Тергеу барысын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы бақылауына алған.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде «елордада жүргізуші мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ананы жол бермегені үшін соққыға жықты» деген тақырыппен видео тарап кеткен еді.