14 қаң, 2023 сағат 14:46

Полицейлер жолда қалған 800-ге тарта көлікті алып жүрген

Фото: baigenews.kz

Полицейлер ауа райының қолайсыздығынан трассада қалып қойған 800-ге жуық автокөлікті Астанаға және Павлодар облысымен шекараға дейін алып жүрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

"Қарлы боран салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында осы жылдың 12 қаңтарында Астана – Ерейментау – Шідерті республикалық трассасын жабу туралы шешім қабылданды. Полиция нарядтары және басқа да құзыретті органдар күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдады: блок бекеттер қойылды, жақын маңдағы елді мекендерде жылыту пункттері белгіленді, қосымша экипаждар енгізілді. Жолдың жабылуы мен қарлы бұрқасынға байланысты көліктердің жиналуы пайда болды.

13 қаңтарда полиция департаментінің басшылығы патрульдік полиция ротасының экипаждарының көліктер тізбесін бір тізбекпен алып жүруін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады" - делінген хабарламада.

Күні бойы полиция экипаждары елордадан Павлодар облысының шекарасына дейін 300-ге жуық көлік құралын, сондай-ақ 500 автокөлікті Павлодар облысынан Астанаға дейін кері бағытта алып жүрген.