Пхеньян Вашингтонға екі ел басшыларының саммитінде Корей түбегін ядролық қарусыз аймаққа айналдыру келешегін ресми талқылау туралы алғаш рет ұсыныс жасады. Бұл туралы Reuters агенттігі АҚШ президенті әкімшілігінің аты-жөнін атамаған өкіліне сілтеме жасап хабарлады.
Оның сөзінше, таяуда өткен құпия әңгімеде Солтүстік Корея жағы жоғары деңгейде кездесу өткізуге мүдделі екенін растаған. АҚШ соңғы уақытқа дейін Солтүстік Кореяға қатысты жоспарында негізінен Сеул беретін мәліметке ғана сүйенетін. АҚШ және Солтүстік Корея өкілдері әңгімесінің бір бөлігі Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы дипломатиялық миссиясында, бір бөлігі барлау қызметі орнатқан арналар арқылы жүргізілген.
АҚШ саммит мамыр айында өтуі мүмкін екенін жариялаған. Солтүстік Корея әзірге бұған қатысты ресми ақпарат таратпады. Кездесудің қай жерде өтетіні туралы ақпарат та әзірге белгісіз.
Солтүстік Корея бұған дейін де егер АҚШ Оңтүстік Кореядан әскерін әкетіп, Оңтүстік Корея мен Жапонияға ядролық қалқан болуын доғарса, өзінің ядролық қару және зымыран жасау бағдарламаларынан бас тарту жайын қарастыруға дайын екенін білдірген.