27 қыр, 2021 сағат 19:07

Pfizer вакцинасын төртінші тоқсанда жеткізу жоспарланған - Цой


Қазақстанда Pfizer вакцинасы салынуы тиіс балалардың жас аралығы параметрлері өзгере ме? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Pfizer вакцинасын (Қазақстанға) биылғы төртінші тоқсанда жеткізу жоспарланған. Компаниямен тиісті кесте нақтыланғаннан кейін, біз жеткізу мерзімін жариялаймыз. Вакциналаумен қамтылуы тиіс тұрғындарға тоқталсақ, яғни жас аралығы категориясы жайында айтатын болсақ, қазіргі кезде елімізде Pfizer компаниясы мәлімдеген тіркеу куәлігі мен нұсқаулықта аталған вакцинаны 12 жастағы және одан жоғары жастағы балаларға салуға болады. Алайда бұл вакцина ерікті түрде және ата-ананың келісімімен ғана салынады», - деді Цой Үкіметтегі онлайн баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар ол вакцина қойылатын балалардың жас аралығы бойынша параметрлерді өзгерту мүмкіндігі туралы айтып берді. 

«Жас аралығын өзгертуге тоқталсақ, осы клиникалық сынақтар жүргізілген елдердің реттеушілерімен аталған зерттеулер бекітілсе, сондай-ақ ресми сипаттама алсақ, аталған қадамдарды қарастыруымыз мүмкін. Қазіргі кезде тіркеу куәлігіне сәйкес, 12 жастан бастап вакцина алуға рұқсат бар», - деді Алексей Цой.