06 қаз, 2021 сағат 18:57

Pfizer-ді гуманитарлық көмек ретінде алатын табысы төмен ел емеспіз - Цой


Pfizer-ді гуманитарлық көмек ретінде алатын елдердің қатарына кірмейміз. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері министрден Pfizer вакцинасы Өзбекстанға жетізілгендігін айта келе, аталған вакцинаны елімізге әкелу неліктен кешігіп жатқанын сұраған еді. 

«Ең алдымен, Өзбекстанға гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді. Бұл – АҚШ тарапынан берілген гуманитарлық көмек. Біз келіссөз жүргізіп жатырмыз. Вакцина бізге гуманитарлық көмек ретінде берілмейді. Өйткені, Қазақстан орташа бақуатты ел саналады. Негізінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының табысы төмен елдер санатына кіретін мемлекеттерге жеткізіледі. Соған орай бұл елдерге гуманитарлық көмек ретінде беріледі. Африка елдеріне жеткізіліп жатыр. Қазақстан мұндай елдердің қатарына жатпайды. Бізде уағдаластық бар, Үкіметпен, Pfizer компаниясымен келістік. Таяу уақытта жеткілікті көлемде аламыз», - деді Алексей Цой. 

Оның айтуынша, қазан мен қараша айларында елімізге Pfizer-дің 4 млн дозасы жеткізіледі. Бұл 2 млн адамды екпемен қамтуға мүмкіндік береді.