15 там, 2025 сағат 10:43

Петропавлда еліміздегі алғашқы «Мағжан орталығы» ашылды

Фото: Primeminister.kz

Петропавл қаласында ұлт ақыны, ойшыл, ағартушы Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген еліміздегі алғашқы ғылыми-мәдени хаб – «Мағжан орталығы» өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл орталық тарихи мұраны дәріптеумен қатар, ғылыми зерттеулер, мәдени-ағартушылық бағдарламалар, халықаралық диалогтар мен шығармашылық жобалар өтетін заманауи зияткерлік кеңістік болмақ.

Ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мәдениет және халықаралық ұйым өкілдері, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, зиялы қауым мен қала тұрғындары қатысты.

Ермек Көшербаев өз сөзінде:

«Мағжан Жұмабаев – ұлттық рухтың символы. Оның мұрасы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді жалғастырып келеді. Бұл орталық жастарға шабыт беріп, туған жерге адалдыққа жетелейді» – деді.


Фото: Primeminister.kz

Орталықта ақынның жұмыс кабинеті тұрмыстық заттарымен бірге қайта жасалды, заманауи кітапхана, конференц-зал, мұрағат құжаттарын зерттеу кабинеті және «Мағжантану» әдеби клубы жұмыс істейді. XIX ғасыр сәулет ескерткіші мәртебесіне ие ғимарат толық реставрациядан өткен.

Сонымен қатар орталық жанында кәсіпкерлер мен түркиялық меценаттың қолдауымен «Мағжан» арт-композициясы бар заманауи сквер салынды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов:

«Мағжан – біздің өңірдің мақтанышы. Бұл орталық Қазақстан мен шетелден келетін қонақтардың сүйікті орнына айналады» – деді.


«Мағжан орталығының» ашылуы – ұлы ақынға деген құрмет қана емес, елдің мәдени бірегейлігін нығайту мен халықаралық деңгейде рухани мұраны насихаттаудың маңызды қадамы.