13 қар, 2023 сағат 18:27

Петропавлда әскери қызметші оқ тиіп қаза болды

Фото: mod.gov.kz

Петропавлда Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің жауынгері қызмет барысында жараланып, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«12 қарашада 6637 әскери бөлімнің келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшісі әріптесінің абайсызда оқ атуынан жараланды. Ер адам шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді, алайда әскери қызметшіні аман алып қалу мүмкін болмады», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүріп жатыр, оқиғаның мән-жайын анықталу үстінде.

Петропавл қаласының әскери прокуроры Мейіржан Қасымжанов осы оқиғаға түсінік берді.

«Қайтыс болған - 6637 әскери бөлімінің сержанты Чужиков. ҚР ІІМ орталық-өңірлік әскери тергеу басқармасының Петропавл тобы ҚР қылмыстық кодексінің 462 бабы, 2 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Осы фактіге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.

Әскери қызметші оқ жарақатын алғаннан кейін әріптестері оны бірден медициналық мекемеге жеткізді, бірақ реанимациялық шаралар жүргізілгенімен дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201 бабына сәйкес жария етілмейді», - деді Мейіржан Қасымжанов.