П
етропавлда баспанасыз қалған 83 жастағы Людмила Носикке әлеуметтік қызметкер пәтерін қайтарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге салайық, Петропавлдың 83 жастағы тұрғыны, тыл ардагері Людмила Носиктің пәтерінен айырылып, далада қалғанын айтқан едік. Зейнеткердің немересі Наталья Середа әжесінің 2 бөлмелі пәтерсіз қалғанын естіп, шу шығарған еді. Айтуынша, баспананы ардагерге 4 ай бойы қызмет көрсеткен әлеуметтік қызметкер сый құжат арқылы өз атына аударып алған.
19 мамыр күні оларға әлеуметтік қызметкердің адвокаты хабарласқан. Ол нотариусқа бірге барып, бұған дейін сый құжатпен берілген пәтерді әжейдің атына қайта түсіретіндіктерін айтқан.
«Ертеңіне әжем екеуіміз нотариусқа барып, пәтерді қайта атына түсірдік. Кездесуге әлеуметтік қызметкер де келді. Ісіне өкінгені байқалмайды, әжемнен кешірім де сұрамады», - дейді Наталья Середа.
Наталья сол күні барып, пәтер есігінің құлпын ауыстырған. Алайда ол баспанаға әжесін апармайтын болып шешті.
«Пәтердің астан-кестеңі шығып жатыр. Жиһаз ескі болғандықтан тиіспепті. Құнды зат іздегендей. Сол себепті әжемді онда апаруға батпай отырмын. Үйінің қазіргі жағдайын көрсе жылап, қан қысымы көтеріледі. Мен бұл істі соңына дейін жеткізбекпін. Яғни әлеуметік қызметкер жазалануы тиіс», - дейді Наталья Середа.
Немересі тергеу аяқталысымен әжесін өзінің қазіргі тұрғылықты жері – Мәскеуге алып кетпек.
