Қоғамдық көліктегі жолаушылардың пердемен оқшаулануы. Лима, Перу.
Жексенбі, 14 ақпан күні Перу сыртқы істер министрі Элизабет Астете Covid екпесін кезектен тыс қабылдағаны үшін отставкаға кететінін мәлімдеді. Өзінің айтуынша, ол қытайлық Sinopharm компаниясының екпесін елде клиникалық сынақ өтпей тұрып және жалпыұлттық вакциналау бағдарламасы басталмай жатып салдырып алған.
Қызметіне былтырғы қарашада тағайындалған Астете вакцинаны 22 қаңтар күні алғанын, екпені қытайлық вакцинаны сынақтан өткізуге жауапты Каэтано Эредиа университеті ұсынғанын айтты.
"Қандай ауыр қателік жасағанымды түсініп отырмын. Сол себепті вакцинаның екінші дозасын қабылдамайтын болдым. Осыны алға тартып, президентке отставка жөнінде өтініш бердім" деп жазды ол Twitter-де.
Бір күн бұрын ел президенті Франциско Сагасти вакцина төңірегіндеу өзге бір дауға байланысты денсаулық сақтау министрі Пилар Маццеттидің отставкасын қабылдағанын мәлімдеген. Мәселе Перудің экс-президенті Мартин Вискарраның кезектен тыс вакцина алуынан туған.
Былтыр қарашада жемқорлық айыбымен қызметінен кетірілген Вискарра екпе салдыру үшін кезектен аттамағанын, вакцинаны сынақ аясында алғанын айтқан. Бірақ жергілікті басылымдар экс-президенттің түсініктемесіне күдік келтірді деп жазды Reuters агенттігі.
Қаңтар айының басында Перу үкіметі қытайлық Sinopharm компаниясымен вакцинаның 38 миллион дозасын сатып алу жөнінде келісімшарт жасасқан. Өткен аптада осы келісімшарт аясында тапсырыстың 300 мың доза көлеміндегі алғашқы бөлігі жеткізілген. Ал вакциналау бағдарламасы өткен аптаның сейсенбісінде ғана басталған. Екпені бірінші болып вирусты медқызметкерлерге сала бастады.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы Перуде 1,2 миллион адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 43,7 мыңы көз жұмған.