20 қыркүйекте 18 жастағы студент атыс шығарған Пермь мемлекеттік университетінде 22 қазақстандық студент оқиды. Олардың ешқайсы оқиға кезінде зардап шеккен жоқ, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазан қаласындағы ҚР Бас консулдығының консулдық аймағы бойынша қазақстандық студенттердің жалпы саны - шамамен 5 мың адам. Ал Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінде 22 қазақстандық студент оқиды. Университетте болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан Республикасының азаматтары жоқ , - деді СІМ баспасөз қызметінің өкілі.
Ведомство мәліметінше, қазақстандық студенттердің ешқайсы елшілікке жүгінбеген.
Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының консулдық ауданы: Башқұртстан Республикасы, Марий-Эл Республикасы, Мордовия Республикасы, Татарстан Республикасы, Удмуртия Республикасы, Чувашия Республикасы, Киров, Нижний Новгород, Пенза, Свердловск, Ульянов облысы Ресей Федерациясы, сондай-ақ Пермь өлкесі.
